Бақытнұрдың блогы

Қазақ тілін білмейтіндерге талап қою амалдары ұшан-теңіз.

Posted by: Bakytnur on: Сәуір 3, 2008

bars.jpgСұхбат айдарының бұл жолғы қонағына Сера атымен Мәссағандықтарға таныс, Серікжан ағамызды шақырып, әңгіме қозғаған едік.
Қысқаша таныстыру: Алматы қаласында туған (1979). Орта мектептен соң, ЖОО-ын (С.Петербург – Германиия) психолингвистика мамандығы бойынша аяқтаған (2001). Осы салада магистрлік (2003) және кандидаттық (2005) диссертациялар қорғаған. Қазір ғылыми, ұстаздық, аударма және “Мәдени мұра” (2005-2007), “Ұлттық идеология” (2008-2010)мемлекеттік бағдарламалары бойынша жұмыстармен шұғылданады.

Сера аға, қазір қандай істермен айналысудасыңыз?

Алдымен ғылыми-зерттеу жұмыстары ғой. Мамандығыма байланысты, психолингвистика және коммуникативистика саласы бойынша. Сонымен қатар Қазақстанның батыс аймағы бойынша мәдени, археологиялық, тарихи, әдеби бағыттағы экспедицияларға қатысып, оның нәтижелері бойынша мақалалар жазамын. Сосын аударма жұмысымен айналысамын. Батыс философиясы өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне аударамын. Өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйретемін. Аймақтағы мекемелер мен ұйымдардағы іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне тәжірибелік және әдістемелік жағынан көмектесемін. Жоғарғы оқу орны студенттері мен мектеп оқушыларына дәрістер оқимын. Одан кейінгі бір міндетіміз қазақша интернетті дамытуға атсалысу болатын, бұдан бірнеше жыл бұрын солай еді, қазіргі кезде қазақша интернет оған зәру емес деп ойлаймын. Алайда, бұнда да тақырыптарда, көпшіліктің назарын жеке бас мәселесінен гөрі әлеуметтік көкейкесті жайларға, таным-білімге тереңіне, қоғамның сырқат тұстарын ашуға қарай бағыттап отыру керек.

Мәдени мұра Мемлекеттік бағдарламасы бойынша шұғылданған екенсіз. Қандай істер атқарылды?

Мәдени мұра бағдарламасының мақсаты қазақ халқының рухани және заттық мұраларын жинақтау болатын. Сосын әлем әдебиеті мен ғылымының озық үлгілерін қазақшаға аудару. Барлық сала бойынша анықтамалар мен сөздіктер құрастыру. Азды-көпті дәрежеде ол үш жыл көлемінде өзіне тапсырылған міндеттерді орындады. Оның нәтижесі ретінде қазір кітап дүкендерінен қазақтың салт-дәстүрі, философиялық дүниетанымы, ырым-тиымдары, тәрбиелік көзқарастары, ежелгі қалалары, тарихи ескерткіштері, ою-өрнектері, аңыз-әпсаналары, құсбегі-атбегілік өнері деген сияқты тақырыптармен кітаптар, сөздіктер, анықтамалар пайда бола бастады. Қазақ  мәдениеті, қазақ тарихы, қазақ өнері, қазақ философиясы деген сияқты бөлек-бөлек энциклопедиялар шығарылды. Немесе шетелдік классиктердің шығармаларын қазақшаға аударылған шығармаларын табуға болады. Яғни, жинақталған барлық мәліметтер мен деректер, материалдар өңделіп, реттеліп көпшіліктің игілігіне айнала бастады. Бұрын кітап дүкендеріне бас сұққан адам негізінен орыс тіліндегі басылымдарды көруші еді. Сонымен қатар кішкене балаларға арналған суретті, танымдық кітапшалар көбейді. Бұлар кімдерге қажет. Бұлар ата-аналарға, тәрбиешілер мен мұғалімдерге қажет. Қазақ халқының мәдени мұралары туралы мәліметтер іздеген адам материал тапшылығына ұрынбауы тиіс. Бәрі де оңай табылуы керек. Енді оның қалай қолданылуын, таным-білім беру мен үйрету және тәрбиелеу әдістемесін жетілдіруде жаңа технологияларды көбірек қолдану қажет болады. Ол үшін тәрбие мен идеология саласындағы мамандар арнаулы оқу орындарында білімдерін жетілдіруден өтеді. Бұл айтуға оңай болғанмен, істелуі қиын міндет. Сөз емес іс керек дейміз ғой. Бұл жерде өте көп сөз де керек, өте мол іс те керек. Оның жемісін қазіргі балабақшалар мен бастауыш мектептегі жас буын өсе бастағанда көреміз деп ойлаймын. Әзірге балабақшадағы сәби үйіне келіп, жаңаша сөздермен қазақша сөйлеуге де, қазақтың салт-дәстүріне де өзінің ата-әжесі мен әке-шешесін үйретеді. Қандай жақсы.   

Қазір Ұлттық идеология бағдарламасына ат салысудасыз. Бұл салада қандай істер ақтарып жатырсыздар? Жалпы қазақ халқының ұлттық идеялогиясы нелер болуы тиіс?

Ұлттық идеология бағдарламасы саясаттану мен әлеуметтанудың, сосын философия мен педагогиканың мәселесі. Мемлекеттің ойынша Қазақстанның өзіндік ұлттық идеологиясы болуы тиіс. Соны осы ғылымдарды дамыту арқылы қалыптастыру қажет. Идеология тәрбие саласы бойынша білім мен тәрбие беру саласы бойынша – балабақшалар, орта мектептер, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жүргізіледі. Насихаттау саласы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында – мерзімді баспасөзде, теледидар мен радиода, интернет пен жарнамаларда жүргізіледі. Қазақтың ұлттық идеологиясы ұлттық құндылықтарға бағытталуы тиіс. Тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге және өнерімізге, дінімізге. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық идеология қазақтың мемлекеттілігін нығайтуға бағытталуы тиіс. Мәдени мұраға бет бұру арқылы мәңгүрттік санадан, тексіздіктен, парықсыздықтан айығамыз. Ұлттық идеологияны дамыту арқылы сырттан келетін идеологиялық ықпалға қарсы тұра аламыз. Оларды жауып тастап, ғаламдану дәуірінде, ақпараттық қоғамда, ғаламторлар мен спутникті теледидар заманында оқшау қала алмаймыз ғой. Ұлтымызда ненің не екенін айыра алатындай сана-сезім қалыптасады. Бір жағынан солармен идеология майданында күресу арқылы шыңдалып жетіле түсетін боламыз. Осы қарама-қайшылықтардың күресі арқылы дами түсеміз. Екіншіден, ұлттық идеология ұлтымыздың өркениетке, зайырлы қоғамға айналуының кепілі болуы қажет. Яғни, заманға қарай жаңғырып, жаңарып отыруады. Жалпыадамзаттық құндылықтар да назардан тыс қалмауы керек. Алға ұмтылу қажет. Қайда дейсіз бе. Құқықтық, азаматтық қоғамға, жоғары технологияларға, ашық мәдени дамуға қарай.
 
Қазіргі тіл мәселесінде істеліп жатқан шаруаларға көңіліңіз тола ма? Тағы қандай істер атқарылуы керек?

Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялау арқылы іс бітпейді. Істеліп жатқан шаралар да бар ғой. Көңіл көншітерлік дәрежеде емес. Кейде алға жүруімізден артқа шегінуіміз көп. Қазақстанда орыс балабақшасы деген қазіргідей түрде болмауы тиіс, орыс мектебі деген мектеп те қазіргідей болмауы тиіс. Былайша айтқанда  сандарын азайтпай-ақ, орыс балабақшасы мен орыс мектебі деген аты болуы тиіс те, пәндердің тең жартысы қазақша жүргізілуі керек. Жұмысқа қабылдамас бұрын қазақ тілін оқыту курстарына жіберген жөн. Кез-келген жұмыс орны қазақ тілін білетіндігі туралы сертификат талап еткен жөн. Қазақстанда құрылымдарды солай ыңғайлау керек, қазақ тілін білмейтін адам күнелте алмайтындай жағдайға келтіру керек. Көшелер мен мекемелер, жазулардағы орыс тіліндегісін алып тастау керек. Толтыратын қағаздар мен құжаттар, бланкілер мен квитанцияларға дейін орысшасы болмауы тиіс. Қайда барса да көретіні қазақша жазу болу керек. Баратын жері қалмағасын, қазақ тілін үйренуге амалсыз көнетіндей мәжбүрлік жағдай туғызу қажет. Саясат деген өте епті нәрсе ғой, оны білдіртпей, үн шығармай да істеуге болады, сондықтан оның қиындығы жоқ. Қазақ тілін білмейтін адам лауазымды орынға тағайындалмауы тиіс. Орыс тілін ұмытып қалармыз дейтіндер де бар. Орыс тілі қазір қорғауға мұқтаж емес. Оны бәрібір үйреніп алады.  

Ұлтымыз бен тілімізге төніп тұрған қандай қауіптер бар деп ойлайсыз?

Сырттан ықпал арқылы келетін қауіп те бар. Орыстану қаупі, түріктену қаупі және батыстану, арабтану, АҚШ-тану қаупі. Қазақ өзінің қазақ екенін мақтаныш ететіндей жағдай орнату керек. Содан кейін діни секталардың қаупі, миссионерлердің қауіптілігі, есірткі мен арақ-шарапқорлықтың қаупі. Экологиялық және экономика саласындағы қауіптер. Табиғатымыздың бұзылуы, ел байлығының талан-татарға салынуы. Қазақстанның көп ретте өз мүдделерін қорғай алмауы. Халқымыздың саны аздығы. Көрші елдердің саны көптігі. Демографиялық қауіп. Тәрбие берудің жетіспеушілігі бар. Өз ішімізде де жаулар бар. Қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына қарсылар, халқымыздың ұлттық санасы оянуына, тұтастығы мен бірлігіне іштей қарсылар. 17 жыл өтсе де қазақ тілінің жаутаңдаған жетімнің күйін кешіп отырғаны – оған дәлел. «Қазақта тарих болмаған», «Мемлекет болмаған» деген сөзді мемлекет басшысы айтуға тиісті ме. Қай мемлекеттің басшысы өз ұлты, өз елі туралы солай айтыпты. Оңдырмадық. Оралмандар мәселесін тағы оңдырмадық. Жақсатты болу үшін ашқын квотасы қайта елге келетін қазақтарды санап, шектеу құралына айналды. Қиын жағдайдағы оралмандарды көрсетіп, шошындырып, шетелдегі қазақтарды үркітіп отыр. Олар ойлайды ғой, көрген күні осы екен ғой деп. Келмеңдер дегені. Әдейі істелетін саясат. Ілгері ұмтыламыз ба десе, кәдімгідей жаппай жемқорлық пен заңсыздық жайлаған, шикізатты сатудан басқа түк қауқары да дәрмені де жоқ, адам құқықтары шектеліп диктатура орнаған, млрд-таған табыс санаулы топтың қолына жинақталып, халқы аш-жалаңаш күн кешкен, бір басшы ел басқарып қырық жыл отыратын Африка елдерінің (Экваторлық Гвинея, Нигерия, Конго) жолымен кетіп бара жатырмыз ба деп қорқамын кейде. Ол елдердің де табиғи байлығы ұшан-теңіз еді, халық игілігін көре алмады. Осы табиғи байлық бізге де сор болып жабыспасын дейік.      

Біз тілімізді сіз айтып өткен қауіптерден қалай қорғай аламыз?

Тілді мемлекет қорғау керек. Елбасы мен Үкімет мүшелері және Парламент пен Әкімдер былайша айтқанда, орысша сөйлемей тұра тұруы қажеттігі туралы тек қазақша сөйлеуі туралы мәселе көтеріліп отыр. Осы дұрыс. Қазақша білетін барлық мемлекеттік және құқықтық қызметтегілерге Елбасы бұйрығымен үстеме ақы қосатын болды. Дұрыс па білмеймін.  Өзге ұлт өкілдеріне қатысты дұрыс та шығар. Үнемі қамшылай бермей тәттіні де таттырып қою керек қой. Ал ұлты қазақ азаматтарға бұл үстемеақы жүрмеуі тиіс деп ойлаймын. Біз  тілімізді қалай қорғай аламыз. Тілімізді тек қазақша сөйлеу арқылы қорғай аламыз. Балаларымызды қазақ балабақшасы мен қазақ мектептеріне беру арқылы, жанұяда қазақша сөйлеу арқылы қорғаймыз. Қазақша шығармаларды, өлеңдерді, ғылыми материалдарды, қазақша интернетті, ақпарат ағынын, киноларды, мультфильмдерді, жиналыстарды көбейту арқылы қорғаймыз. Қазақстанда қай облыста немесе мекемеде қанша адам қазақша білмейді, соның нақты санын алу керек, басшылар өз мекемелері бойынша аты-жөнімен тізім жасаған жөн. Сосын жекелеп шақыру керек. Сен неге қазақша білмейсің. Не кедергі болып жүр. Осылай… Қазақша білмейтін адамды жер аударып, екі-үш ай ауылға жіберіп алу керек деп әзілдейтінмін. Нұр-Отан партиясына дауыс бермегендерге қысым жасаймыз ғой. Сол сияқты. Қазақ тілін білмейтіндерге де талап күшеюі тиіс. Ондайдың амалдары ұшан-теңіз.  

Біз сіздің ұлт мәселесі мен тарих жайлы жазған жазуларыңызды сүйіп оқимыз. Кейде бүгін Сера аға не жазды деп тексеріп шығатын кезім болады. Сайттың тұрақты мүшелері де қызығып оқиды. Психолингивистика маманысыз. Тарихқа деген қызығушылық қалай пайда болды? Жалпы тарих жайлы қашан зерттеген едіңіз?

Бала кезімде тарихи көркем әдебиеттерді көп оқитынмын. І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Сматаев, Қ.Жұмаділов, Ә.Әлімжанов, М.Жолдасбеков, Қ.Салғарин т.б. жазушылардың тарихи және танымдық романдарын, шығармаларын. Ғылыми деректерді, шежірелерді, тарихи мәтіндерді, құжаттарды жинап жүретін едім. Содан жинала бастады мұрағатардағы деректердің көшірмелері, көне кітаптардың көшірмелері, жетекші ғалымдардың еңбектері. Соның ішінде Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, М.Ақынжанов, Л.Гумилев, Бичурин т.б.  Жинақтап қарасам, көп материал бар екен. Білесіз бе, тіл маманына тарих туралы жазудың бір оңайлығы бар. Тіл маманы емес тарихшыға қиындық түседі. Өзімді тарихты жақсы білем деп санамаймын. Алайда қарапайым да қызықты етіп баяндап бере алармын, оқырманның тарихқа қызығушылығын оятармын деп ойладым. Ғылыми, ізденушілік орталарда, жас ғалымдармен, жатақханаларда, іссапарларда, поездарда түнімен қызыл өңеш болып, сан мәрте талқыланған, дауласылған мәселелер бұлар. Қазақтың, өлкенің тарихын, дәстүр-салтын, табиғатын жақсы білетін, кездесе қалсақ тарихи оқиғаның ақиқаты туралы дауласа кететін ғылыми ізденісте жүретін тарихшы, археолог, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, педагог, философ, әдебиетші достарым да көп. Бір жағынан бұл менің мәдени мұрадағы еңбектерімнің бір саласы, ұлттық идеологиямен де ұштасады.  

Көп рахмет сізге. Жұмысыңыздан сәттілік тілеймін

8 жауаптар -ге "Қазақ тілін білмейтіндерге талап қою амалдары ұшан-теңіз."

mine, sol karapiym da kyzykty etip tarihty bayandaityndygyngyz emes pe okyrmandardy elitip alyp ketetin …
Sera aganyng massaganga jazgan arbir dunielerin kyzyktap okityndardyng biri menmin.
Jane jalykpai, enbektenip, kyzykty derekterimen bolisip otyrgandygyna sheksiz algyz bildiremin!!!

Сера ағай, мен сайттағы Зере қарындасыңыз боламын. Сіздің жазбаларыңызды сүйіп оқимын. Сіз сияқты қазақ жастары интернет әлемінде көптеп келе берсе екен деп тілеймін. Сіз блог жазсаңыз тіпті керемет болар еді.

Ең бірінші: ҚАЗАҚтың осындай білімді жастарымен таныстырған Мәссағанға РАХМЕТ!!!
Серікжанның жазғандарын қызыға да, сүйіп оқитындардың бірімін. Еңбегің Алладан қайтсын!
Ақзеренің жазғанымен келісемін. ҚАЗАҚ тарихына қатысты блог ашқаның жөн секілді. :-)

Бақытнұр аға жақсы Сұхбат!!!! Мен де осыларды Сера ағадан сұрайын деп жүр едім….
Енді біліп жүретін боламын!!!
Үлкен Рахмет!!!!
Менің сұрайын дегендерімді сұрап қойыпсыз :) ;)

Айтпақшы, Сера ағаның суретін сұрап көмедіңіз бе?
Меніңше, Сера ағаның суретін көргісі келетіндер көп :)

Жақсы сұхбат..Сера менің құрдасым екен..Осы жасқа келіп, осынша білім жинағанына ризамын..Талаптарыңа нұр жаусын бауырларым..!!

Біз сіздің ұлт мәселесі мен тарих жайлы жазған жазуларыңызды сүйіп оқимыз. Кейде бүгін Сера аға не жазды деп тексеріп шығатын кезім болады. Сайттың тұрақты мүшелері де қызығып оқиды….

Ия айтарым осы.
Ғылыми еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

… қазақ тілін білмейтін адам күнелте алмайтындай жағдайға келтіру керек … КЕЛІСЕМІН!!!

… Қазақша білетін барлық мемлекеттік және құқықтық қызметтегілерге Елбасы бұйрығымен үстеме ақы қосатын болды. Дұрыс па білмеймін. Өзге ұлт өкілдеріне қатысты дұрыс та шығар. Үнемі қамшылай бермей тәттіні де таттырып қою керек қой. … Меніңше дұрыс ЕМЕС!!!
Үнемі қамшыламақ түгілі, бір-рет қамшылап, Елбасымыздың 1 министр, 1 әкімқараны сөгіп жатқан жерін көргенім жоқ. Өзге ұлт түгілі ҚАЗАҚ тілі АНА ТІЛІ болып саналатын ҚАЗАҚ шенеунікті де. 17 жыл күттік қой. Одан артық тәтті бергеніміз жарамас.
Меніңше ең жеңілі Мемлекеттік тілді білмейтін Мемлекеттік қызметшінің айсайынғы сыйақысын (премиясын) 100 пайызға қыйып тастап отыру керек. Ал ол аз болса ҚАЗАҚ тілін білмегені үшін 3-4 ірі шенеунікті халықтың алдына шығарып, масқаралап жұмыстан қуып жіберсінші, содан кейін көрейік олардың астындағы орынтағы үшін қалай сайрап кететінін.

Жауап қалдырыңыз

Блог қонақтары

Күнтізбе

Сәуір 2008
M T Ср T F S S
« Mar   May »
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Алдыңғы жазбаларым

a

Ең соңғы пікірлер

Тоты Қонақ кітабы адресінде
Қосақ Қонақ кітабы адресінде
Спамнан құтылудың жо… СПАМ деген не? адресінде
neweurasia.net … Самсунг – І8910 адресінде
Жазира Онлайн слайд-шоу және вид… адресінде

Менің суреттерім

Seoul

Seoul

Seoul

Seoul

Seoul

More Photos